24 авг. 2007 г.

“ГОЛЛАНД АУРУЫ”: ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАТЕРІ ҚАНДАЙ?

“ГОЛЛАНД АУРУЫ”: ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАТЕРІ ҚАНДАЙ?
“Голланд ауруы” (Dutch Dіsease) туралы макроэкономикалық мәселе тұрғысында баспасөзде анда-санда жазылып та, үлкен кеңестерде айтылып та жүр. Алайда кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының науқастың мән-жайын нақты, терең түсіндіре алмауы да байқалады.
Кейбір мемлекеттік органдар, мәселен, Ұлттық банк, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бұл дерт бізде мүлдем жоқ, деңгейі өте аз десе, өзге сарапшылар, керісінше, бар дейді. Әрине, әралуан пікірлердің болуының өзі көп мәселеден хабар береді.
Енді осы аурудың мағынасын ашып көрейік: шикізатты (әсіресе мұнай мен газды) жаппай сыртқа (экспортқа) шығарғанда экономикаға валюта ағыл-тегіл құйылып, рыноктағы баға өсіп, ұлттық валюта нығайып, экономика біртіндеп қымбаттай бастайды (Фактілер: 2006 жылдың 6 айында ІЖӨ номиналмен (ақшалай қазіргі бағамен) есептегенде 31,4% өсті, ал шын мәніндегі (нақты) өсімі 9,3%. Айырмашылық –3,3 есе). Демек, экономиканың 3,3 есе қымбаттауы оның өзге экономикамен салыстырғанда бәсекеге қабілетінің төмендегенін көрсетеді.
Отандық тауар өндірушілер біртіндеп рыноктан ығыстырылады (фактілер: 2000 жылы отандық тауар өндірушілердің үлесі жалпы тұтынуда 72,1%-ға болса, 2006 жылдың 9 айында 50,7%-ға дейін азайды).
Ұлттық валютаның қымбаттауы экспорттық қабілеті бар шикізаттық емес басқа секторларға кері әсерін тигізуі мүмкін (фактілер: 2000 жылы шикізаттық сипаты жоқ тауарлардың экспорты 2 млрд. АҚШ долларын құраса, 2005 жылы да сол деңгейден еш аспады). Сайып келгенде, мұнай, т.б. шикізат секторларындағы ірі жетістіктер өңдеу өнеркәсібін астыртын тұншықтырып, олардың ресурстарын өзіне тартып, жұтып отырады.
Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, бұл құбылыс негізінен шикізатты, оның ішінде мұнай мен газды экспорттайтын елдерде жиі байқалған. Олар – мұнайды экспорттайтын елдер ұйымы – ОПЕК-ке мүше және осы ұйымға кірмейтін, бірақ мұнай мен газды сыртқа шығаратын елдер. Әлем бойынша бұл термин өткен ғасырдың 50-60-жылдары ғана пайда болды.
“Голланд ауруының” алдында “испан дерті” болған еді. Испандықтар Латын Америкасында (ХVІғ.) жаулап алған колониялардан байлықтарды (алтын, күміс) өз еліне тасып, оларды экономиканың, мемлекеттің одан әрі дамуына жұмсамай (инвестиция жасамай), өте қымбат, зергерлік заттарды жаппай сатып ала бастаған. Нәтижесінде Испания мен Еуропа елдерінде инфляция күшейіп, халықтың тұрмысы нашарлап, экономикалық дағдарысқа түсті. Испанияда алашағы бар Италияның бірнеше банкі банкротқа ұшырады.
ХХ ғасырда газ бен мұнайға, басқа да ресурстарға бай кейбір елдердің жіберген басты екі қатесі болды.
Біріншісі – өңдеу өнеркәсібінің секторлары мен қызмет көрсетуге ерекше назар аудармай, жер асты байлықтарынан түсетін пайданы алумен, бөлумен жаппай шұғылдану. Бұл қателік – ОПЕК картеліне мүше 13 мемлекет: Иран, Ирак, Кувейт, Сауд Арабиясы, Венесуэла, Катар, Индонезия, Ливия, Біріккен Араб Әмірлігі, Алжир, Нигерия, Эквадор және Габонға тән. Араб Әмірлігі мен Индонезия даму бағыттарын 1980 жылдары ғана өзгертіп дұрыс жолдарын таба білді.
Дүние жүзінде мұнайдың 35-37%-ын осы елдер өндіріп отыр.
1965-1999 жылдар арасында экономиканың құлдырауы жыл сайын Иран мен Венесуэлада 1%, Ливияда 2%, Ирак пен Кувейтте 3%, Катарда 6%-ға жетті. ХХ ғасырдың соңғы 30 жылында ОПЕК ұйымына мүше елдердің ішкі жалпы өнімдері (ІЖӨ) өскен жоқ, керісінше, жыл сайын 1,3% кеміп отырды. Бұл қателікке ұрынбаған елдердің бірі – Норвегия.
Екінші қателік – мұнай мен газ секторларына мемлекеттің тікелей араласуы, мемлекеттің осы секторлардың өндіріс ошақтарын мемлекеттің қарамағына күштеп алуы, яғни “национализациялауы”. Мұндай құбылыс ОПЕК-ке мүше елдерде, әсіресе Венесуэла мен Сауд Арабиясында жиі орын алды.
1973 жылға дейін Сауд Арабиясында жан басына шаққандағы ІЖӨ АҚШ-пен салыстырғанда 15% төмен болса, отыз жылдан соң, 2003 жылы 72% төмендеді. 1973-1975 жылдары Венесуэланың ІЖӨ-сі 10 000 доллардан асса, 2005 жылы сатып алу қабілеті бойынша 5800 долларға дейін төмендеді.
Венесуэла халқы ішкі тұрақсыздық пен қақтығыстың ұйытқысы болып келген қара алтынды “шайтанның эксперименті” деп атаса, Сауд Арабиясында мұнайды “Алланың бергені, рақымшылығы” деп бағалайды.
Осы тұста мұнайға тікелей байланысы бар ХХ ғасырдың айтулы оқиғаларына зейін салайық. Жапонияның екінші дүниежүзілік соғысқа кіруінде, АҚШ-тың Перл-Харбордағы әскери-теңіз флотына кенеттен шабуыл жасауында бір құпия болды. Ол – мұнай құпиясы. Өйткені, жапондықтар Қытайға 1941 жылы басып кіргесін АҚШ мұнайды жапондықтарға жөнелту (экспорт) көлеміне бірден шектеу қойды. Ал Жапония АҚШ-тың мұнай импортына тәуелділікке түсті.
Бұрынғы Кеңес Одағы ыдырауының негізгі себебі мұнайға да байланысты. КСРО ХХ ғасырдың 70-80-жылдары мұнай мен газ экспортынан 200 млрд. доллар табыс алды. Бірақ, 80-90-жылдары мұнайдың бағасы АҚШ саясатының салдарынан біртіндеп төмендеді. Өйткені, АҚШ Кеңестер елін ыдырату мақсатында (ұсынысты сұраныстан молайту арқылы) резервтегі мұнай қорын рынокқа жаппай сата бастады. Сөйтіп, КСРО-ның мұнай экспортынан түсетін табысын барынша азайтты. Экономикалық тоқыраудың арты Кеңес Одағының елін бөлшектеуімен аяқталды.
“ГОЛЛАНД АУРУЫНЫҢ” ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛУІ ЖӘНЕ ОНЫҢ АЛҒАШҚЫ БЕЛГІЛЕРІ

“Голланд ауруы” мұнай өндірудің қарқынын ұлғайта бастаған Қазақстанға 2002 жылы келіп (мұнайды қамтитын шикізат өнеркәсібінің үлесі өңдеу өнеркәсібінің үлесінен асқан жыл, оның бірнеше белгісі (симптомы) барыс организмінде біліне бастады.
Бірінші белгі. Көлемі бойынша немесе әлемдік бағаның өсуінен (2005 жылы бағаның өсуінен экспорт 37% өсті) Қазақстанға мұнай экспортынан түсіп жатқан валюта ағыл-тегіл құйылды. Валюта ағыны елдің валюта рыногына ықпал етіп, теңгенің бағамын әлсін-әлсін күшейтіп, нығайтумен болды.
2005 жылы теңгені айырбастаудың тиімді индексі 5,8% нығайды, ұлттық валютамыз доллармен салыстырғанда 1,5%, ал еуроға қатысты 15,9% қымбаттады. 2003 жылы теңге долларға қатысты 12,4% қымбаттағанын айта кетейік. Жалпы, валюта бағамының саясаты – Ұлттық банк құзыретіндегі мәселе.
Егер бұрын валюта рыногы — айырбастау пунктінде 1 АҚШ долларын 146-156 теңгеге сатып алсаңыз, енді 126 теңгеге сатып алуға болады. Демек, шикізаттық емес, дайын тауарлар мен қызмет көрсету өнімдерін сыртқа шығаратын отандық экспортшылар валюта бағамы өзгеруінен туындайтын, құны 30 теңгеден тұратын (156т-126т=30т) бәсекеге қабілеттілік деңгейін жоғалтты деген сөз. Бұл үрдіс Қазақстаннның Индустриялық-инновациялық даму стратегиясына қайшы келеді.
1999 жылдың көктемінде және 2000-2001 жылдары жүргізілген девальвация мүмкіндігін Қазақстан түгелімен пайдаланды. Енді жаңа девальвацияға зәруміз. Бағалардың ұдайы өсу аясында ұлттық экономиканың одан әрі дамуы үшін теңгені айырбастаудың тиімді жаңа саясаты ауадай қажет.
Сайып келгенде, 2003-2006 жылдары мұнайдан түсіп жатқан валюта ағыны аясында Халықаралық валюта қорының кеңестерін басшылыққа алған Қазақстанның Ұлттық банкі осы жылдары жүргізіп келген валюта бағамы саясатының нәтижесінде теңгеміз әлсін-әлсін қымбаттады. Бұл Елбасының 2006 жылы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген стратегиялық мақсаттың орындалуына– бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруіне – шикізаттық емес, яғни өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету секторларына, оның ішінде экспортпен шұғылданатындарға кері әсерін тигізіп жатқандығы байқалады.
Дәлел ретінде Қытай тәжірибесіне назар аударалық. Соңғы жиырма жылда ҚХР мен АҚШ арасындағы сауда балансы 100 млрд. долларға жетіп, Қытайдың үстем түсуімен аяқталды. Бұған өз септігін тигізген бірден-бір құрал валюта бағамы саясаты, яғни юаньның өте тиімді бағамы болып табылады.
Екінші белгі біріншіден өрбиді. Теңге бағамының нығаюы барысында импорттық тауарлардың келуін ынталандырып, импорттық қызмет түрлері арзандай бастайды. Демек, импорт мөлшерінің молаюы отандық өнім өндірушілерді ішкі рыноктан біртіндеп ығыстырып (фактілер: қазақстандықтар тұтынған тауарлардағы импорттың үлесі 2000 жылы 27,9% еді, ал, 2005 жылы 44%-ға жетті), экономиканы есептейтін бухгалтерлік есепшот жүйесі – төлем балансына тән ағымдағы есепшот көрсеткіштерінде теріс сальдоның көрініс беруіне, ұлғаюына себеп болады. Теріс сальдо тек қана қызмет көрсету емес, сонымен қатар табыстарда да 5 млрд. доллардан асып отыр.
Үшінші белгі — өндіріс секторларында жалақы деңгейінің өсу қарқыны еңбек өнімділігінің өсу қарқынынан асып түсуі. Әрине, осы орайда оқырман жалақының өскенін қалайды. Ол үшін бір шартты қатаң сақтауға міндеттіміз. Жалақының өсу қарқыны еңбек өнімділігінің өсу қарқынынан еш аспауы керек. Бұл заңды Қазақстан қатаң, міндетті түрде орындауы қажет. Әйтпесе, ұзақ мерзімде, әсіресе, экспортқа шығарылмайтын тауар мен қызмет көрсетулердің бәсекеге қабілеті әлсін-әлсін әлсірейтін болады және экономикалық өсу төмендейді. Ал экспортқа өнім шығаратын отандық өндірушілердің жұмыс күші арзан елдердегі (Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан) кәсіпорындармен салыстырғанда бәсекеге қабілеті төмен болады.
Мәселен, 2000-2005 жылдары жалақының орташа өсу қарқыны 10-11%-ды құрады, тіпті өткен жылы жалақыны өсіруге арналған бюджеттің шығыс бөлігі бірден 25,9%-ға артты. Ал еңбек өнімділігінің өсу қарқыны төменгі деңгейде қалды: 2000-2005 жылдары орташа 6-7%-ды құрады. Соңғы жылдары, өкінішке орай, жалақының өсу қарқыны тек еңбек өнімділігінің өсу қарқынынан емес, сонымен қатар экономикалық өсуден де асып отырды.
Қазақстанда жалақының өсу қарқыны еңбек өнімділігінің өсу қарқынынан 4% асып отыруы елде “голланд ауруының” белгілері бар екендігін тағы да дәлелдеп, Үкіметке жаңа тактикалық және стратегиялық міндеттер жүктейді. Егер осы салада шұғыл шаралар қабылданбаса, ерте ме, кеш пе 4 пайыздық айырмашылықтың бағасы Қазақстанның 4 пайыздық экономикалық өсуді жоғалтып алуымен пара-пар.
Осы құбылыстан туындайтын басты қауіп – ішкі өндірісіміз біртіндеп қымбаттай бастайды. Егер қымбаттау басталса (кейбір секторларда басталып та кетті), қазақстандықтар импорттық заттар мен ресурстарды жаппай пайдалануға көшеді.
Осы орайда айта кететін жәйт: жаппай сатып алу жалақы емес, сонымен қатар банктер беріп жатқан тұтыну несиелерімен де ұлғаюда. 2003-2005 жылдары тұтыну несиелері Қазақстанда 10 есе өсті.
Түптеп келгенде, 2003-2006 жылдары Үкіметтің экономикалық саясаты жоғарыда көрсетілген “голланд ауруының” алдын алатын, барыс организмінің иммунитетін күшейтетін қағиданы мұқият ескермей жүргізіліп жатқандығын тағы да аңғартты.
Төртінші белгі– ақша салмағының өсу қарқыны. Мұнай экспортынан келіп жатқан валюта ағынын Ұлттық банк стерилизация (рынокқа жібермеу) жасап, шет ел валютасын барынша қорытып жатыр. Мұның нәтижесі ақша агрегатының, яғни ақша салмағының индикаторы М3 шамасының ұлғаюына әкеліп соқтыруда. Автордың есебі бойынша, 2000-2005 жылдары ақша салмағы жыл сайын орташа 40,8% өсіп келді. Әлемдік статистикаға ден қойсақ (Іnternatіonal Fіnancіal Statіstіcs, ІMF, Volume LVІ, 2004-2005, The World Bank Annual Report, 2005 Volume 2. Government Fіnance Statіstіcs Yearbook, ІMF, 2005), ХХ ғасырдың соңында ақша салмағын 30-50% өсірген елдер үнемі инфляцияға тап болғандығы және ішкі бағалардың ұдайы өскендігі расталады.
Бесінші белгі – инфляцияның өсуі. Бағаның үнемі өсіп жатқандығын ай сайын сезінеміз. Үшінші белгіде сөз болғандай, өндіріс секторлары мен бюджеттегілердің жалақы деңгейлерін жыл сайын көтеруге мәжбүрлейтін бір ғана себеп бар. Ол халықтың қалтасындағы жалақысы мен табысын үнемі жұтып жатқан инфляция деген құбылыс. Былайша айтқанда, инфляция салығы. Ағымдағы жылдың 7 айында инфляция 8,7%-ға өсті, ал жылдық болжам – 5,7%.
Енді инфляцияның макроэкономикалық қасиетіне қысқаша тоқталайық. Биылғы жарты жылда ұлттық экономикамыз номиналмен (ағымдағы бағамен ақшалай) есептегенде 31,4% өсті, ал шын мәніндегі (нақты) өсімі 9,3%. Айырмашылық 3,3 есеге жетіп отыр. Демек, Қазақстанда 1000 теңгенің өнімі өндірілсе, оның ақшалай құны 3400 теңгеге жетті деген сөз. Тоқ етерін айтқанда, ХХІ ғасырдың басында Қазақстан экономикасына тән “голланд ауруының” индексі 3,3-ке жетіп, жалпы ақша ұсынысы ақша сұранысынан (тауар салмағына сәйкес) құны 2400 теңгеден тұратын (3400-1000=2400) жылдамдықпен озып отыр.
Соңғы екі-үш жыл ішінде Үкімет пен Ұлттық банк арасында инфляция туралы қайшылық жалғасып келе жатқанын көзі қарақты адамдар біледі. Егер инфляцияның басты себебі ақшада (монетарлық) болса, онда басты кінә Ұлттық банкке тағылады, ал себеп ақшада болмай (монетарлық емес), монополияда болса, онда кінәлі Үкімет болып табылады.
Осы орайда автордың пікірі мынаған келіп саяды: кінә Үкіметте де емес, Ұлттық банкте де емес. Біздегі инфляцияның басты себебі–осы талдауда көрсетілген “голланд ауруының” тікелей салдары мен нәтижесінде.
1. Үкімет жүргізетін экономикалық саясаттың ең қуатты құралы бюджет екендігі әмбеге аян. Бюджетіміз “голланд ауруына” төтеп бере алатындай пішінде жоспарлануға, шапшаң құрылуға және дәл уақытында орындалуға тиіс. Елдің бюджеттік саясатының логикасы ішкі қажеттіліктер мен үрдістерді ғана ескермей, сонымен қатар Қазақстаннан сырт жерде болып жатқан құбылыстарды ескере отырып жасалғаны экономикалық қауіпсіздігіміздің бірден-бір тетігі ретінде саналуы керек.
Ол үшін не істеу керек? Қазақстанда “голланд ауруын” таратпау тұрғысынан мемлекеттің бюджеттік стратегиясын қайта қарап, бюджеттің шығысына лимит жасау саясатына дереу көшу керек.
2. Екінші қадам бюджет лимитінің шамасына тікелей байланысты. Лимиттің шамасын анықтау үшін ІЖӨ өсу қарқынына мән берген жөн. Мәселен, 2000-2006 жылдары ІЖӨ орташа 9-11% өсіп отырса, бюджеттің шығыс жағы жыл сайын 20,8% артып отырған. Яғни, екі есе артық. Ендеше, лимиттің шамасы ІЖӨ-нің өсу шамасымен теңдестірілуі керек. Ең үлгілі, тиянақты бюджеттік саясаттың көрінісі осындай болмақ.
Осы тұрғыдан ең жауапты, ең тиімді бюджеттік саясат Қазақстанда 2002 жылы жүргізілген екен. Сол жылы бюджеттің шығыс жағы мен ІЖӨ екеуі де теңбе-тең түскен, 9%-дан аспаған. Ал әлемде мұнай бағасының шарықтау кезінде тек үш мемлекет ең жауапты бюджет саясатын жүргізіп келді. Олар – Норвегия, Чили, Кувейт. 2000-2005 жылдары Норвегия жыл сайын бюджеттің шығыстарын 1,7%, ал Кувейт 0,2% азайтып отырды.
Бюджет саясатының лимитін жасау барысында оның шамасын экономикалық өсу шамасымен теңдестіру – барысты “голланд ауруына” шалдықтырмауға бағытталған тиімді шара ретінде қабылдануы керек.
3. Жылдық бюджетті жоспарлау аясында бюджеттің арнайы “мұнай-газсыз балансын” жасау. Былайша айтқанда, мұнай мен газ секторларынан келіп түсетін кірістерді есептемегендегі бюджет балансы. Сонда Қазақстан мұнай мен газдан түсетін барлық кірістерді ағымда пайдаланбай, Ұлттық қорға жинап отырады. Соңғы бес жылда біз мұнайдан түскен кірістердің 75-80%-ын күнделікті мұқтаждықтарға пайдаланып, тек 20-25%-ын ғана қорға жинап келдік. Ал мұнай қорларының ерте ме, кеш пе таусылатыны бәрімізге мәлім
Өткен, 2006 жылдан бастап мұнайдан түскен кірістердің барлығы да Ұлттық қорда шоғырлануда, бірақ бюджеттің жыртығын жамау үшін бәрібір оларды Үкімет пайдалануға құқылы. Елбасының Жарлығымен бекітілген Ұлттық қорды қалыптастыру мен қолдану тұжырымдамасында бюджет шығындарын қаржыландыру үшін қордан тартылатын трансферттер 2007 жылы ІЖӨ-нің 3,86%-ы, ал 2009 жылы 3,01%-ы шамасында көрсетілген.
Жақында Парламент депутаттары “2007-2009 жылдарға арналған Ұлттық қордан тартылатын кепілденген трансферттер туралы” заң жобасын қолдады. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің ұсынысы бойынша 2007 жылы – 301,7 млрд. теңге, 2008 жылы – 341,4 млрд. теңге, ал 2009 жылы 337 млрд. теңге бюджеттің шығыны ретінде пайдаланылатын болады. Келесі жылы 301,7 млрд. теңгенің 40 млрд. теңгесі ғана экономиканы әртараптандыру мақсатында даму институттарына жұмсалмақ.
Сондай-ақ 2007 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштері осы “голланд ауруына” төтеп беру тұрғысынан жасақталмағанын айту керек. Үкіметте де, Парламентте де республикалық бюджет жобасын талдағанда және бекіткенде осы дерттің қаупі тиісінше ескерілді деу қиын.
Бұл шараның ұлттық және экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей әсер ететін жақтары да бар. Мұнай мен газдың әлемдік бағалары төмен түсіп жатса, біздің бюджет еш қиналмай жасақтала беретін болады. Мемлекет мұғалімдерге, дәрігерлерге, зейнеткерлерге, студенттерге, көп балалы отбасыларға, ардагерлер мен мүгедектерге тағайындалған жалақы, зейнетақы, жәрдемақы, стипендия деңгейін еш төмендетпей, тікелей бюджеттік, әлеуметтік міндеттерін абыроймен орындап отырады.
4. Төртінші қадам үшіншіден туындайды. Бюджеттің кірісінде мұнайды есепке алмағанда қалыптасатын бюджет тапшылығын шұғыл жою. Егер 2001 жылы бұл тапшылық ІЖӨ-нің 2%-ын құраса, 2004-2005 жылдары 4,8-4,9%-ына дейін артты. Алған бағытымыз ұлттық мүддемізге сай келмейді. Мұнайдың бағасы үнемі жоғары бола бермейді. Мәселен, ХІХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейінгі аралықта (100 жыл ішінде) мұнайдың әлемдік бағасы орта есеппен 11-13 АҚШ долларын құрап келді. Бағаның көтерілуі 1973 жылдан ОПЕК саясатынан басталды. Соңғы жылдары ОПЕК-тің әлемдік мұнай өндірудегі үлесі 65%-дан 35%-ға дейін төмендеді.
Бұл адымды жасау кезінде ең алдымен экономикалық өсуге кедергі келтіретін бюджеттің пайыздық емес шығындарын дереу қысқарту керек. Осы шығындардың негізгі бабы “мемлекеттік тұтыну” болып табылады. Мұндағы қаржылар инвестиция, трансферт, субсидия ретінде еш бөлінбейді. Керісінше, оларды мемлекеттік органдар мен ұйымдар ғана тұтынады. Бір ғана мысал: қазақстандық бюджеттің шығыс жағының көптігі соншалық, соңғы үш жылда 83,8 млрд. теңге игерілмей қалды. Демек, қыруар ақшаны игеруге бюджет әкімшілері психологиялық тұрғыдан да дайын емес. Ал ақша мол болған сайын салық төлеу тәртібі де төмендейді.
5. Ұлттық банк валюта бағамы саясатына өзгеріс енгізуі керек. Кейбір мамандар 2000-2005 жылдары экономиканың жоғары қарқынмен өсуін инвестициямен, оның ішінде шетел инвестицияларымен байланыстырады. Дегенмен де, эконометрикалық талдау жасағанда шамамен экономикалық өсуге валюта бағамының қосқан үлесі 35%-ға жетті.
6. Ұлттық банк ұстанатын қағида – инфляцияны бақылауды түпкі мақсат ретінде қою (инфляционное таргетирование). Әлемде мұндай қағиданы ұстанған елдердің саны 21-ден аспайды. Ұлттық банк осы қағидадан басқа ақша салмағын реттеуді (таргетирование денежной массы), валютаның айырбастау бағамын (таргетирование обменного курса) тәрізді мақсаттарды мұқият ескеріп, қажетті ақша-несие реттеу шараларын жасаса, ұлттық экономика үшін өте тиімді болатыны ақиқат.
7. Салық саясатына өзгерістер енгізу. Экспорттаушы кәсіпорындарға қосымша құн салығын (ҚҚС) қайтарып беру тетігін өзгерту керек. Тек 2004 жылы экспортшыларға республикалық бюджеттен 104,1 млрд. теңге қайтарылып берілген. Қыруар ақшаны көбіне шикізатты сыртқа шығаратын кәсіпорындар иеленген. Демек, Елбасының 2006 жылы халыққа Жолдауын ескере отырып, ҚҚС-ны қайтарып беру дәстүрін дайын тауар (шикізаттық емес) мен қызмет көрсетулерді экспортқа шығаратын кәсіпорындарға ғана таратқан аса тиімді. Егер шикізатты экспорттайтын кәсіпорындарға да ҚҚС-ны үнемі қайтарып отырсақ, Қазақстанның “голланд ауруынан” құтыла қоюы қиын, Индустриялық-инновациялық стратегияның орындалуына үнемі қауіп төніп тұрады.
8. Кен-байыту, шикізат өндірісіне жатпайтын барлық секторларда (өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, электр энергиясын, газды, суды өндіру және бөлу т.б.) еңбек өнімділігінің қарқынын арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспары Үкімет тарапынан жасалып, жүзеге асырылуға тиіс. Бұл шараларды үнемі орындау керек. Іс-шараларға “Қазына” мен “Самұрық” компанияларын жұмылдырған абзал.
9. Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу агенттігі “голланд ауруы” аясында және мұнай бағасы құлағанда қаржы дағдарысын болдырмау үшін тұтыну кредиті мен банктердің сырттан қарыз алу рыноктарында қалыптасқан тәуекелділік деңгейін азайтуға бағытталған бірнеше шаралар қабылдау керек. Егер мұнай бағасы әбден төмендесе, несиені алған жұрт осы банктерге қайтарып бере алмайтын күйге түседі, мұның арты банк дағдарысына жол ашады (2003 жылғы Оңтүстік Кореядағы банк дағдарысы осылай болды). Сондай-ақ, жылжымайтын мүліктің бағалары құласа банктердің ипотекадағы активтері де құнсызданады (1980 жылдары АҚШ-тағы банк дағдарысы осылай өрбіді).
10. “Петромемлекет” (petrostate) пен “петроэкономика” –мұнайлы экономика (petroeconomіcs) көлемін шектеу. Ол үшін мұнайдың ІЖӨ мен экспорттағы үлесін тиімді деңгейде ұстау қажет. “Голланд ауруын” одан әрі болдырмау тұрғысынан мұнайды ұзақ мерзімде өндіру туралы арнайы кесте жасаған дұрыс. Мұнай арқылы көбейген сауда балансы Қазақстанда өте көп, оны кеміткен дұрыс. Сауда балансының оң сальдосы ІЖӨ-ге шаққанда 2001 жылы 5,3% болса, 2005 жылы 18,4%-ға жетті.
2000-2005 жылдары Қазақстанда мұнай өндіру жыл сайын 14,5-14,9% қарқынмен өсіп келді, енді 2008-2015 жылдары жылдық өсімін – 5-7%-дан асырмау саясатын міндетті түрде жүргізу – “науқасқа” қарсы шара болып табылады.
11. “Петромонополияны” реттеу және бәсеке рыногын арттыру. Бәсекені қорғау комитеті реттейтін кәсіпорындар реестрінде мұнай-газ, кен-байыту өнеркәсібінің, былайша айтқанда шикізат өндіретін кәсіпорындардың бір де біреуі жоқ, олар еркін қимылдауда, керісінше, шикізат өндірмейтін кәсіпорындардың үлесі 87%-ды құрайды.
12. Мұнай секторына шет ел инвесторлары мен компанияларын жіберуді шектеу. Қара алтынды өндіруге берілетін лицензиялар мен қол қойылатын келісім-шарттар (контракт) “голланд ауруын” жою тұрғысынан сарапталып, оларды экономикалық мүддеге толығымен бағындыру іс-шараларын жасап, іске асыру керек.
13.“Петроқоғам” шеңберіне ұлттың саяси, кәсіпкерлік т.б. элиталарын енгізбей, қорғап қалу. Терминнің мағынасы мынаған саяды: елдің, қоғамның адами, кадрлық, кәсіпкерлік қабілеті мен қуатының мұнай-газ секторында шоғырлануы. Мұнай өндіру саласында оның әлемдік бағасынан басқа тәуекелдік жоқ болғандықтан, қоғамның, мемлекеттің элитасы осы секторды жөн көріп, осында жинақталады. Ал өңдеу өнеркәсібін көтеріп, дамытатын ұлттың бәсекеге қабілеті төмендейді.
“Петроқоғам” шеңберіне негізінен Қазақстанның “постэлитасын” (жасы 50-ден асқан, дәстүрлілік ыңғайындағы тұлғалар) жіберіп, “креаэлитаны” (25-55 жастағы жас таланттар, икемді, шапшаң тұлғалар) Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы негізінде өңдеу өнеркәсібінде шоғырландыру қажет.
“Болашақ” бағдарламасымен келіп жатқан жастарды мұнай-газ секторында емес, керісінше мұнай химиясы, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технология секторларында шоғырландырған дұрыс. Бізде сырттан оқып келген жастардың “ҚазМұнайГаз” бен “ҚазТрансГаз” компанияларында қызмет ететіндері жалған емес, демек, “Болашақ” бағдарламасы “голланд ауруы” талаптарына Үкімет тарапынан сәйкестендірілуі керек.
“Голланд ауруының” Қазақстанға қатері өңдеу өнеркәсібінің үлесі шикізат өнеркәсібінің үлесінен артқанда сейіледі.
Осы орайда Ахмет Байтұрсынұлының ХХ ғасырдың басында “Қазақ жерінде өндіріс жоқ. Қазақ сыртқа (экспортқа) шикізат шығарады, ал сырттан (импорт) сол шикізаттан жасалған дайын өнімді екі-үш есе қымбат бағамен сатып алуда. Бұл надандықтан келген кемшілік...” деп көтерген экономикалық проблемасы ХХІ ғасырдың басында Қазақстанға қатер төндіріп тұрған “голланд ауруына” дәлме-дәл келуі ғажап. Ахаңның стратегиялық көрегенділігі таң қалдырады.
Жалпы, Қазақстанда Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы, Ұлттық қор іспеттес қадамдар осы дертке қарсы бағытталған шаралар болып табылады. Бұл мәселені Елбасы үнемі Үкіметтің алдына көлденең тартып келеді. Шын мәнінде Қазақстанда мемлекеттік деңгейде қабылданған ірі шешімдер мен іс-қимылдарды зерделеп, төмендегідей нәтиже шығаруға болады:
ХХ ғасырдың басында өзекті мәселені алғаш рет Ахмет Байтұрсынұлы көтерсе, ХХІ ғасырдың басында Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық экономиканың тұрақты дамуына қауіп төндіріп тұрған “голланд ауруымен” іс жүзінде мемлекеттік деңгейде барынша аянбай күресуде. Алайда Үкімет пен Ұлттық банк деңгейінде жоғарыда көрсетілген шаралар қабылданса, Барыстың осы дерттен толығымен құтылып, бәсекеге барынша қабілетті 50, соңыра 40 елдің қатарына енуге толық мүмкіндігі бар.
«Егемен Қазақстан» газеті, №2-3 (24580). 05.01.2007ж.

Авторы: Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының бас сарапшысы.2007-01-10

Комментариев нет: